БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНУДА

 

Жетісай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мұхтар Бейсенбаев бүгін ауылдық округтердегі спорт мамандарымен бас қосты. Жиында қаралған негізгі мәселе – ауданға қарасты ауылдық округтер мен елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау арқылы спиртті ішімдікке әуестіліктің, нашақорлықтың алдын алу, ауылжастарының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, олардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру.
«Біздің өткізетін іс-шараларымыз санымен емес, сапасымен есептелуі тиіс. Әрбір турнир, әрбір жарысымыздың белгілі бір нәтижесі болуы керек. Сол үшін де елді мекендерде тұрғындарды бұқаралық спортқа қызықтыра білу – бірінші кезекте біздің міндетіміз. Сіздер мен біздер – тұрғындардың ауырмай ұзақ өмір сүруіне, спортты жанына серік етуіне негіз қалыптастыратын бірден-бір жауапты адамдармыз» деген дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жоспарларын талқылады.
Сонымен қатар, жиында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мұхтар Қасымханұлы аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендерде спорт алаңшаларын құру, демалыс күндері жалпы орта мектептердің спорт залдарын пайдаланып түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстар өткізу мәселелерін айтып өтті.
«Бүгінде ауданда жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Студенттік лига», мектеп оқушылары арасында «Оқушылар лигасы» ойындары ұйымдастырылып, тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Енді осындай жарыстарды ауылдардағы 18 – 29 жас аралығындағы жастардың арасында да өткізуді жоспарлап отырмыз. Негізінен жұрттың бәрі қызыға ойнайтын футбол ойынынан бастасақ деп отырмыз» дейді Мұхтар Бейсенбаев.
Мамандардың өзара ой-пікірлері мен ұсыныстарының қорытындысымен ауданда 18 – 25 жас аралығындағы жастар арасында үлкен футболдан аудандық чемпионат өткізу келісілді.
Бөлім тарапынан арнайы ереже мен кесте бекітіліп, чемпионат алдағы аптада Абай, Қызылқұм, Ералиев және Мақталы ауылдық округтерінен бастау алмақ. Әрбір округтерде өткен іріктеу ойындарынан шыққан мықтылар округтің құрама командасына топтастырылып, ақтық ойында округ намысын қорғайтын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған