ВОЛЕЙБОЛДАН СТУДЕНТТЕР ЛИГАСЫ ӨТТІ

 

Бүгін аудан орталығы Жетісай қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледжінің спорт залында спорттың волейбол түрінен аудандық студенттер лигасының екінші айналымы болып өтті.

Жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, әлімжеттік фактілерін болдырмау, олардың бос уақыттарында спортпен айналысуларын насихаттау және өзара достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізілген шараға аудандағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 6 команда қатысты.

Байқаудың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мұхтар Бейсенбаев пен Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Жүсіп Сартаев мырзалар елімізде Елбасы қамқорлығымен жастарға жасалып жатқан жағдайлар мен ізгілікті бастамалар жайында айтып, байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ә дегеннен тартысты басталған ойында әрбір команда өздерінің тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін танытты.

Айта кетейік, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жастар мен жасөспірімдер арасында спорттың футбол, волейбол және үстел теннисі түрлерінен студенттік және мектеп лигаларын өткізіп келеді. Оқу жылының соңына дейін өзара өткен кездесулерде жеңіске жеткен командалардың ұпай сандары есептеліп, жеңімпаздар ұйымдастырушылар тағайындаған кубок пен бағалы сыйлықтарға ие болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған