Кәсіптің көзін тапқандар

 

Бүгінде ауылды жерлерде қол қусырып отырғандар некен саяқ. Солардың бірі – Жетісай ауданы Абай ауыл округінің тұрғыны Асылбек Қызайдаров осыдан бір жыл бұрын үйінен жиһаз ұстаханасын ашып, отбасылық табысын молайтып отыр. Жары Жанар Панова екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде. Тұңғыштары 9-шы сыныпта оқиды. Кішкентайы мектеп табалдырығын биыл аттапты. Өздеріне тиесілі егістік жерлері жоқ. Сондықтан ұсталыққа бір жола бет бұру мақсатымен «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасының игілігіне жүгініп, алғашқыда 200 мың теңгеге жуық шартты көмекке тапсырыс беріпті. Сұранысы құпталысымен жиһаз жинайтын құрал-саймандар сатып алған. Кейіннен тағы да 3 рет «Өрлеуден» қаржы алған отбасының бүгінгі табысы жаман емес. Отағасының айтуынша, үйіне айына 50-60 мың теңге табыс кіреді екен.
Ал, Құшниязовтар отбасында 7 балашаға бар. Тұңғыштары мен екінші ұлдары Қарағанды қаласында колледжде білім алып жатыр екен. Отағасы Серік темір ұстасы. Жылыту пештерін құрастырып, ауыл тұрғындарының үйлеріне жылу жүйесін орнатып берумен айналысады.
Ал жары Зулфира Мирзаева былтырдан бері тауық асырауды кәсіп ете бастапты. Бүгінде оның қорасында 80-ге жуық тауық пен 40-қа жуық қоян бар. Шартты атаулы әлеуметтік көмектің арқасында бір жылда 800 мың теңгеге жуық қолдау қаржыға қол жеткізген ол 4 балапан бастыратын қондырғы сатып алыпты.
«Тауық ұстау аса қиын емес. Бір жылдың ішінде 2 рет балапан бастырамын. Оның әр данасын 150 теңгеден, жұмыртқамыздың данасын 20 теңгеден сатудамыз. Көпбалалы отбасы болғандықтан бір қыста 40-қа жуық тауықты әжетімізге жаратамыз. Жалпы айтқанда кәсібіміздің пайдасын көріп отырмыз. Ең бастысы – ешкімге алақан жайып отырған жайымыз жоқ», – дейді Зулфира Мирзаева.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған